Қатты дискідегі орын мен бөлімдердің нөмірленуі жөнінде (теория). Суреті бар!
Қош келдіңіздер, осы мақалада кішкене болса да, теорияны оқимыз. Қарапайым жағдайды қарастырамыз. Дайын болсаңыз, кірісеміз. Терминдердің кейбіреулері қызық естілсе, кешіріңіз, басқасы жоқ.
Қатты дискілердің бөлімдері келесі түрлері болады: біріншілік, кеңейтілген және логикалық. Жүз рет естігенше, бір көргені артық дейді ғой, осыны дұрыс деп санаймын. Түсінікті болу үшін, қатты дискідегі орынды жалпақ түрінде қарастырамыз:
Қатты диск бөлімдері
Windows-та: C: D: E: бос орын
Linux-та: sda1 sda5 sda6 бос орын
Ал, енді түсіндірмелер!
Біріншілік -ол дискіден тура кесіп алынған сияқты, үздіксіз орын. Бір қатты дискіде болатын біріншілік бөлімдердің саны – 4. Неге аз екенін айта алмаймын. Осындай шектеу бөгет болмас үшін, келесі бөлім түрі, яғни
Кеңейтілген бөлім ойлап табылды, Ол да тура біріншілік сияқты, айырмашылығы – кеңейтілген бөлімге ақпаратты тура жаза алмайсыз, оның ішінде
Логикалық бөлімдер болады. Бір дискіде кеңейтілген бөлім біреу-ақ болады. Логикалық бөлімдердің саны шектелмеген.
Шатаса бастадыңыз ба?
Windows пен Linux-тың басты айырмашылығын білесіз бе? Ол міне: Windows-та жүйедегі жолды көрсету үшін кері слеш таңбасы (\), ал Linux-та слеш (/) қолданылады.
Windows ОЖ орнатқан кезде, сіздің С дискіңіз әрқашан біріншілік бөлім болады. Әрі қарай бөлімдерді жасаймын десеңіз, олар логикалық түрінде жасалады (төрт бөліммен шектелмеу үшін).
Unix-тектес операциялық жүйелерде (мен осы сөз тіркесі үшін кешіріңіз, басқасын таба алмадым) дисктер мен олардың бөлімдердің белгіленуі ерекше. Осындағы файлдық жүйенің түбірі бар (ағаштың тамыры сияқты), ол / деп белгіленеді. Басқа дисктер (нақтырақ айтсақ, бөлімдері) осы ағаштың белгілі бір жеріне жалғанады, яғни тіркеледі дейміз. Жүйеде бар дискі тіркелуі шарт емес, тіркелмеген түрінде де болады, оны кейінірек көрсетемін. Бірақта дискке жазу үшін оның тіркелуі шарт.
Linux-та болса, қатты диск sdX түрінде белгіленеді, бұл жердегі X – реттік алфавит әрібі. Біріші диск sda, екінші sdb, т.с.с. Диск бөлімдері сәйкесінше сандармен белгіленеді, яғни, sda дискінің бірінші бөлімі sda1 деп, т.с.с. Бірінші төрт сан біріншілік бөлімдер үшін алынып қойылған, сол үшін бірінші логикалық бөліміңіз sda5 деген атына ие болады, яғни ол барлық мүмкін біріншілік бөлімдерден КЕЙІН тұруы керек деген сөз ғой, дискте біріншілік бөлімдердің саны біреу болса да! Осыны есіңізде сақтаңыз.
Linux-та барлық нәрсе файл ретінде қарастырылған соң, ол файлдың жүйеде белгілі бір орны болады. Нақты айтсақ, барлық құрылғылар /dev бумасында орналасуы керек. Сол кезде бірінші қатты диск /dev/sda деп, ал оның бірінші бөлімі /dev/sda1 деп белгіленеді. CD-ROM құрылғыңыз /dev/cdrom, ал бірінші желілік құрылғысы /dev/eth0 болады. Байқайсыз ба, бәрі де оп-оңай екен.
Егер сіздің Linux жүйеңіз /dev/sda1 бөлімінде орналасса, онда ол бөлім / ретінде тіркеледі.
Түбірлік / бумасында орналасқан бумаларға тоқталып өтсек,
/bin – ен негізгі бағдарламалар
/boot – оның ішінде ядро, жүктеуші мен оның баптау файлы жатады
/etc - жүйелік баптаулар
/home – пайдаланушылардың үй бумалары үшін орын (мысалы, /home/bolat)
/lib – жүйелік библиотекалар мен ядро модульдері
/media – осы бумаға көбінесе дисктер тіркеледі
/usr – бағдарламалар мен олардың мәліметтері
/var – ішінде лог және т.б. ақпарат сақталады
/tmp – уақытша бума, оған кез–келген пайдаланушы жаза алады
Тағы да ерекше бумалар бар, олар
/proc және /sys – осы бумаларда ядроның ағымдағы күйі туралы және үрдістердің ақпараттары сақталынады.
Келесі мақалада Файлдық Жүйелер жөнінде сөйлесеміз, қалып қалмаңыздар, ол өте қызық тақырып болады!