Линукс дистрибутивтерінің көптеген түрлері бар, distrowatch.com сайтына сенетін болсақ, олар 300-ден астам. Олардың ішінде кәдімгі қолдануға үшін де, арнайы бір мақсатты, мысалы, қауіпсіздікті сынау, т.с.с. үшін жасалғандары бар. Бірінші түрі үшін Ubuntu, екінші - Backtrack мысал бола алады. Және басқа да түрлері өте көп. Мысалы, мен Линукспен енді таныса бастаған кезімде, 1 дискеттен жүктелетін нұсқасы қолыма түскен, оның ішінде графикалық интерфейсі де (!) болған! Мен үшін ол өте қызық көрінетін. Қазір де ол қызығушылықтан бас тартқан жоқпын, тіпті тартуға деген ойым де жоқ. Ал, негізгі тақырыптан ауытқымай, әңгімемізді жалғастырайық.

Бұл жерде үлкен әрі маңызды мәселе - Unix жолы (Unix-way) ұғымы. Оның қысқаша мағынасы - әр бағдарлама немесе қолданба өзі арналған есептерді толығымен шешіп, сол бір есепті ғана атқаруы тиіс, яғни, бір бағдарлама - бір есеп. Мысалы, uname командасы көмегімен ағымдағы дистрибутивтің нұсқасын біле алатын болсақ, мысалы,

uname -a
Linux laptop 2.6.31-ARCH #1 SMP PREEMPT Tue Nov 10 19:48:17 CET 2009 i686 Intel(R) Core(TM) Duo CPU T2600 @ 2.16GHz GenuineIntel GNU/Linux

басқа бір бағдарламаға осы нұсқаны алу үшін uname командасын шақыру керек деген сөз. Немесе, JPEG суреттерін өндеу жинағы (library), жүйеде тек қана біреу болады, осы суреттерді өндейтін барлық бағдарламалар осы жинақты қолданады. Әрине, осы ережелерді қолдамайтын да бағдарламалар бар, олар көбінесе проприетарлы, яғни, кодтары ашық емес және еркін бағдарламалар емес. Мысалы, IBM Lotus Notes сондай бағдарлама.

Әрі қарай. Бір бағдарлама не жинақ тек бір тапсырманы шешеді, осыны түсіндік. Ал, осы тапсырманы, яғни, осы бағдарламаны не жинақты керек қылатын басқа бағдарлама оған тәуелді болып қалады, яғни, жүйедегі барлық бағдарламалық қамтама өзара тәуелділіктермен байланысқан. Мысалы, графикалық суреттерді шолушы бағдарлама міндетті түрде JPEG жинағын талап етеді, т.с.с. Барлық бағдарламалар және жинақтар дестелер түрінде келеді, яғни, бағдарламалық қамтамамен әрекеттер жасау кезінде біз дестелермен жұмыс жасаймыз. Әр дестеде оның аты, нұсқасы, тәуелділіктері мен ерегісетін дестелері және басқа да қызметтік ақпараты бар. Дестелер түрлері мен оларды басқаратын бағдарлама - дестелер менеджеріне қатысты Линукс әлемінде дистрибутивтердің екі үлкен тобы бар - Deb және Rpm қолданатындар. Және саны аз басқалар. Олардың ішінде дестелердің өздік түрлерін және дестелерді мүлдем қолданбайтын дистрибутивтер, оларға кейін тоқталып өтеміз.


Опубликовано

08 December 2009

Метки


blog comments powered by Disqus